Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Бастама аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік және азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту көзделіп отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, облыс орталықтары мен аудандарда, тіпті шағын елді мекендерде де жолдар, әуежайлар, вокзалдар және медициналық мекемелер салуға басымдық берілуі керек. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу жоспарлануы қажет.
"Барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді", деді Президент.
Президент бұл бастамалардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға және өскелең ұрпақтың болашағына жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Конституцияда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде белгіленгенін еске салды.