«Бомба бар» деп әзілдеген: Астанада шетелдік жолаушы рейстен түсірілді

«Бомба бар» деп әзілдеген: Астанада шетелдік жолаушы рейстен түсірілді
ашық дереккөз

Астана әуежайында өзінде жарылғыш құрылғы бар екенін айтқан шетел азаматы ұшаққа жіберілмеді. Жолаушының сөзі әзіл ретінде айтылғанымен, авиациялық қауіпсіздік қызметі мәлімдемені елеусіз қалдырмай, тиісті тексеру жүргізді, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушы ұшар алдындағы рәсімдер кезінде өзінде бомба бар екенін айтқан. Әуежай қызметкерлері қауіпсіздік талаптарына сәйкес әрекет етіп, көлік полициясымен бірлесіп тиісті шаралар қабылдаған.

Тексеру барысында жолаушы рейске жіберілмеді. Оқиғаның мән-жайы құзыретті органдардың қарауына берілді.

Авиациялық қауіпсіздік қызметі жарылғыш зат туралы кез келген мәлімдеме, тіпті әзіл ретінде айтылса да, ықтимал қауіп ретінде қарастырылатынын ескертеді. Мұндай сөздер міндетті түрде тексеріліп, заңда көзделген құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

Әуежайда жолаушылар мен экипаждың өмірі мен денсаулығын қорғау — басты міндет. Сондықтан қауіпсіздікке қатысты жауапсыз әзілдің өзі елеусіз қалмайды.