1,5 жастағы бала үшінші дәрежелі күйік алды: Астанада балабақшаға қатысты іс қозғалды

1,5 жастағы бала үшінші дәрежелі күйік алды: Астанада балабақшаға қатысты іс қозғалды
ашық дереккөз

Астанадағы балабақшалардың бірінде бір жарым жастағы бүлдіршін ыстық сорпаға күйіп, үшінші дәрежелі жарақат алған. Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, күйік баланың денесінің 10 пайызын қамтыған. Қазір сәби үй жағдайында ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Баланың анасының айтуынша, оқиғадан кейін балабақша әкімшілігі бейнебақылау камераларындағы жазбаларды беруден бас тартқан. Сондай-ақ мекеме өкілдері болған жағдайға қатысты жауапкершілікті мойындамай отырған көрінеді. Анасы осыған байланысты полиция мен мемлекеттік органдарға шағым түсірген.

Полицияның мәліметінше, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты бейнежазбалар тәркіленіп, зерттеліп жатыр. Тергеу нәтижесінде оқиғаның мән-жайы мен оған жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.