Марқұм заңгер Ғабит Өмірбектің әйелі жүрек тебірентерлік жазба жариялады

Марқұм заңгер Ғабит Өмірбектің әйелі жүрек тебірентерлік жазба жариялады
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Жуырда өмірден өткен заңгер Ғабит Өмірбектің жұбайы Нағима әлеуметтік желіде марқұм күйеуін еске алып, жан тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Ол Threads желісіндегі парақшасында күйеуімен бірге түскен суреттерін бөлісіп, оның қазасын әлі күнге дейін қабылдай алмай жүргенін жеткізді. Жұбайын сағынған келіншек бірге өткізген бақытты күндерін еске алып, үш ұлы үшін алғысын білдірді.

«Сүйікті Ғабитім… Сенің енді жанымда жоқ екеніңе әлі күнге дейін сене алар емеспін. Даусыңды тағы бір рет естіп, өзіңді құшақтап, бірге өткізген өміріміздің бір сәтін болса да қайта оралтқым келеді. Маған сыйлаған махаббатың, бақытты жылдарымыз және өміріміздегі ең қымбат байлығымыз – үш ұлымыз үшін саған алғысым шексіз», – деп жазды ол.

Нағима жазбасының соңында марқұм күйеуінің жүрегінде мәңгі сақталатынын айтып, сағынышын жеткізді.

«Сен мәңгі жүрегімнің бір бөлшегі болып қаласың. Біздің жүрегімізде мәңгі өмір сүресің. Сені сүйемін. Есімнен бір сәт те шығармаймын. Шексіз сағынамын… Жаның жәннатта болсын, жаным», – деп жазды марқұмның жұбайы.

Жазбаға желі қолданушылары пікір қалдырып, отбасына көңіл айтып жатыр.

Айта кетейік, Руслан Өтепбай қайғылы жайтты жеткізді.

Ғабит Өмірбек кім болған?

Еске салайық, белгілі адвокат Ғабит Өмірбектің қайтыс болғаны 24 қазанда белгілі болды. Қаралы хабарды журналист Ирина Советжан әлеуметтік желіде жариялап, заңгердің қазасы туралы өзіне марқұмның әпкесі хабарлағанын айтқан. 

Ғабит Өмірбек «Lawyer 888» халықаралық заңгерлік компаниясының бас директоры болған. Ол прокуратура органдарында сегіз жыл қызмет атқарып, кейін адвокаттық қызметпен айналысқан. Әсіресе әскердегі әлімжеттік, жол-көлік оқиғалары және алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауымен танылған.