Петропавлда белгісіз сұйықтықтан уланған үшінші адам көз жұмды

Петропавлда белгісіз сұйықтықтан уланған үшінші адам көз жұмды
Lada.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында белгісіз сұйықтықтан уланып, ауруханаға түскен үшінші ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды ult.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, 75 жастағы зейнеткер сегіз күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, науқастың жағдайы тым ауыр болған. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Қазіргі уақытта марқұмдар ішкен бөтелкедегі сұйықтыққа сараптама жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жалғасуда.

Еске салайық, бұған дейін Петропавлда белгісіз сұйықтық ішкен екі ер адамның қайтыс болғаны хабарланған еді. Кейін белгілі болғандай, олар бөтелкені қоқыс жәшіктерінің арасынан тауып алған.