Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалап, қағазбастылықты жоюды және жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды тапсырды. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеріп, басқару жүйесін жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің пікірінше, әрбір мемлекеттік мекеме өзінің ғана емес, тұтас мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәртібін түсінуі керек. Ал жасанды интеллект қайталанатын міндеттер мен басқару жүйесіндегі қайшылықтарды жоюға көмектесуге тиіс.
«Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет саласында әлі де жоғары кәсіби деңгейге толық қол жеткізілді деуге негіз жоқ. Осыған байланысты Президент мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
«Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер жекелеген шаралармен шектелмеуі керек екенін ескертті. Оның сөзінше, елге көзбояушылық емес, нақты нәтижеге бағытталған шынайы реформа қажет. Бұл үдеріс құқықтық және қаржылық шараларды қатар қабылдауды талап етеді.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
Президенттің айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономика талаптарына сәйкестендіріп, түбегейлі жаңғырту қажет.