Тоқаев: Салық заңнамасы кәсіпкерлерге кедергі келтірмеуі керек

Тоқаев: Салық заңнамасы кәсіпкерлерге кедергі келтірмеуі керек
ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясатын жетілдіру қажеттігін айтып, Үкіметке бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, салық заңнамасына нақты өзгерістер енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде жаңғыртуға негіз қалағанымен, ауқымды реформаны жүзеге асыру барысында алдын ала болжау қиын мәселелер туындаған. Соның салдарынан кәсіпкерлер жекелеген нормаларды қолдану кезінде қиындықтарға тап болып отыр.

«Салық кодексі – догма емес, қасиетті жазба да емес. Ол шынайы өмірден алшақ болмауға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, заңнамадағы қайшылықтарды жойып, нормалардың екіұшты түсіндірілуіне жол бермеу қажет. Сондай-ақ кәсіпкерлерге түсетін негізсіз салмақ пен жүйедегі олқылықтарды реттеу маңызды.

Мемлекет басшысы салық жүйесі бизнестің дамуына ынтаны төмендетпеуге, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеуге тиіс екенін атап өтті.

Осыған байланысты Үкіметке бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асып, салық заңнамасына нүктелі өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.

«Мұны жан-жақты ойластырып, әр жолы кәсіпкерлердің жұмыс істеу ережелерін өзгерте бермейтіндей етіп жасау керек. Біздің заңнамамыздың тым күрделі әрі түсінуге қиын болғаны соншалық, ол кәсіпкерлер үшін нағыз бас ауруына айналды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев салық заңнамасындағы өзгерістер кәсіпкерлік ортаға түсінікті әрі болжамды болуы керектігін атап өтті.