Әлеуметтік желіде өзін Ольга Мұхамеджанова деп таныстырған Екібастұз тұрғынының видеосы тарады. Бейнежазбада әйел Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жасап, Қазақстанға әскер кіргізуге шақырған, деп хабарлайды ult.kz.
Оның сөзінше, бұл «әр қазақ өзінің қожайыны – орыс екенін білуі үшін» қажет. Сондай-ақ әйел Қазақстандағы қазақтардың дауыс беру құқығы жоқ екенін айтып, «Ресей бұл қалаларды қайтарып алады» деген мәлімдеме жасаған.
Заңгер Мейірман Шекеев бұл видеоға құқықтық баға беруді талап етті. Ол Бас прокуратураны, Ішкі істер министрлігін және Ұлттық қауіпсіздік комитетін аталған мәлімдемелерге қатысты тексеру жүргізуге шақырды.
Заңгер ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында көзделген ұлтаралық алауыздықты қоздыру және 180-бабында қарастырылған сепаратистік әрекеттер белгілерінің бар-жоғын анықтауды ұсынды. Сондай-ақ айтылған сөздерге құқықтық баға беру үшін филологиялық-лингвистикалық сараптама тағайындау қажеттігін атап өтті.