Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Осыған байланысты ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, маман тапшылығын азайту және диагнозды ерте анықтау жұмыстары күшейтілуі керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді., деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысы инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары ерекше қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуге тиіс.
«Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандардың тапшылығын азайту және олардың диагнозын ерте жастан анықтау мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керектігін айтты.
Президент «Қазақстан халқына» қорының да осы іске белсенді атсалысуы маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту мен қажетті мамандармен қамтамасыз ету ерекше қажеттілігі бар балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау үшін маңызды.