Пластикалық отадан кейін зардап шеккен әйелге хирург 3 млн теңге төлейді

Пластикалық отадан кейін зардап шеккен әйелге хирург 3 млн теңге төлейді
ашық дереккөз

Ақтауда сот пластикалық отадан кейін денсаулығына зиян келген әйелге үш миллион теңге моральдық өтемақы төлеуді хирургке міндеттеді. Пациент дәрігерден жалпы 30 миллион теңге талап еткен, деп хабарлайды ult.kz.

Lada.kz сайтының мәліметінше, 2022 жылы әйел бет пішінін түзету үшін Ақтаудағы хирургке жүгінген. Отадан кейін құлағының айналасында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндері зақымданған.

2025 жылы әйел кемшіліктерді түзету үшін Алматыда қайта ота жасатқан. Алайда іс материалдарына сәйкес, бұл жолы бет жүйкесінің тармағы зақымданып, жұмсақ тіндері деформацияға ұшыраған.

Пациент сапасыз медициналық көмек салдарынан зардап шеккенін айтып, соттан емделу шығындары үшін 20 миллион теңге және моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өндіріп алуды сұраған.

Сот сараптама қорытындыларын зерттеп, талапты ішінара қанағаттандырды. Әйел емделуге кеткен шығынды толық растайтын құжаттарды ұсына алмағандықтан, хирургті үш миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.