"Анасы сахнада жүргенде көз жұмды": Жанболат Найзабеков ауыр оқиғаны айтты

"Анасы сахнада жүргенде көз жұмды": Жанболат Найзабеков ауыр оқиғаны айтты
Фото-коллаж: ult.kz

"Өнер қырандары" театрының актері Мадияр Серікбаев сахнада өнер көрсетіп жүрген сәтте анасынан айырылған. Алайда әріптестері қаралы хабарды оған қойылым аяқталғаннан кейін ғана жеткізген. Бұл туралы Жанболат Найзабеков журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды ult.kz.

Актердің айтуынша, сол күні сахнада ерекше ауыр әрі жүрек тебірентерлік жағдай болған. Мадияр Серікбаев қойылым барысында анасының зиратына келіп, кешірім сұраған ұлдың бейнесін сомдап жатқан. Дәл осы сәтте оның өмірінде орны толмас қайғы болғанын әріптестері естіген.

Жанболат Найзабековтің сөзінше, сахнада "Анашым, кешірші" деп тұрған актер анасының өмірден өткенінен бейхабар болған. Қаралы хабарды Мадиярдың әпкесі телефон арқылы жеткізген.

"Мадияр анасының қабірінің басына келіп тұрған баланы ойнап жатыр. “Анашым, кешірші” деп. Осы кезде менің телефоным шырылдады. Мәкеңе әпкесі қоңырау шалып, “мамадан айырылып қалдық” деді. Біз оған екі сеанс бойы ештеңе айтпадық. Кешкі сағат ондар шамасында концерт аяқталды. Содан кейін Мәкең гримеркаға келіп, бетін сүртіп отырды. Ол мұндай жаңалықты күтпеген еді", – деп еске алды Жанболат Найзабеков.

Оның айтуынша, Мадияр Серікбаевтың анасы ұзақ уақыт сырқаттанып, өмірінің соңғы күндерінде өздігінен жүріп-тұра алмай қалған.

Сол кеште болған жағдайды театр ұжымындағы алты актер білген. Алайда олар әріптестеріне суық хабарды қалай жеткізерін білмей, ауыр күй кешкен. Өйткені Мадиярдың бұл қайғыны естігеннен кейін сахнаға қайта шығып, өнер көрсетуі қиын болатынын түсінген.

Сондықтан актерлер қойылымның аяқталуын күтіп, көрермен алдындағы бағдарламаны үзбеуге шешім қабылдаған. Мадияр Серікбаев болса, басына түскен қайғыдан бейхабар күйде сахнадағы рөлін соңына дейін орындаған.

Жанболат Найзабеков бұл оқиғаны еске алып, өнер адамының сахнадағы өмірі мен жеке басындағы тағдыры кейде осылай ауыр сәтте тоғысатынын жеткізді.