Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген GRAMMY студиясының жаңа «Global Mixtape» жобасына қатысып, алдағы шығармашылық жоспарлары туралы айтты. Өнер иесі әлемдік турнесінің ауқымы бұрынғыдан да кең болуы мүмкін екенін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист Валери Лиге берген сұхбатында Димаш алдағы концерттік сапарының егжей-тегжейін әзірге толық жариялай алмайтынын жасырмады. Дегенмен әнші әлемнің ондаған елінде өнер көрсетуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Бұл жаңалықтарды әзірге жариялауға бола ма, оған толық сенімді емеспін. Сондықтан нақты айта алмаймын, құпия сақтауға тиіспін. Дегенмен тур жиырмадан астам елді қамтиды. Отыздан, тіпті қырықтан да көп болуы мүмкін. Мен мүмкіндігінше көп концерт беріп, әлемнің барлық еліне барғым келеді. Өйткені жанкүйерлеріммен кездескенді жақсы көремін», – деді әнші.
Димаш сұхбат барысында шетелдік тыңдармандарына деген ерекше құрметі туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, әр мемлекетте сол елдің ана тілінде ән орындау – көрерменге алғыс білдірудің бір жолы.
Өнер иесі музыка арқылы түрлі ұлт өкілдерін жақындастырып, мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтуды маңызды санайтынын жеткізді.
Қазіргі уақытта жарияланған концерттік кестеде Польша, Германия, Испания, Мексика, Колумбия, Чили, Перу және Индонезия елдері бар.
Ал әнші айтқан 30-40-тан астам елді қамту жоспары әзірге толық нақтыланбаған.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген Польшадағы концертінен кейін жанкүйерлеріне алғыс айтты.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген – қазақстандық танымал әнші, композитор, мультиаспапшы, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген орындаушы. Толық аты-жөні – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Ол 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген.
Димаш өнерлі отбасында тәрбиеленген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері. Әнші бала кезінен музыкаға қызығушылық танытып, кәсіби білім алған. Ол Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде және Қазақ ұлттық өнер университетінде оқыған.
2015 жылы Беларусь елінде өткен «Славян базары» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ал 2017 жылы Қытайдағы «Singer» музыкалық жобасына қатысып, екінші орын иеленді. Осы байқаудан кейін оның халықаралық танымалдығы айтарлықтай артты.
Димаш кең дауыс диапазонымен және түрлі музыкалық жанрда ән орындау шеберлігімен ерекшеленеді. Оның репертуарында қазақ, ағылшын, орыс, француз, қытай және басқа да тілдердегі шығармалар бар. Әншінің «Ұмытылмас күн», «Дайдидау», «SOS d’un terrien en détresse» және «Stranger» әндері тыңдарман арасында кеңінен танылған.
Өнер иесі АҚШ, Қытай, Еуропа және Азия елдерінде жеке концерттерін өткізіп келеді. Оның жанкүйерлері өздерін «Dears» деп атайды. Димаш Құдайберген халықаралық сахнада қазақ тіліндегі әндерді орындап, ұлттық мәдениетті әлемге танытуға үлес қосып жүр.