"Ол кезде Дариғаны танымайтынмын": Олжас Абай бұрынғы некесі туралы айтты

"Ол кезде Дариғаны танымайтынмын": Олжас Абай бұрынғы некесі туралы айтты
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал актер Олжас Абай жеке өміріне қатысты айтылып жүрген түрлі пікірлерге жауап беріп, бұрынғы отбасымен ажырасу себебіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі қазіргі жары, актриса Дариға Бадықованы әлеуметтік желіде сынап, жағымсыз пікір жазатындарға үндеу жасады. Ол отбасы туралы негізсіз әңгімелердің таралуына наразылығын білдіріп, жұбайына тіл тигізбеуді сұрады.

Актердің айтуынша, алғашқы некесі тоғыз жыл бұрын екі тараптың ортақ келісімімен аяқталған. Сол уақытта ол Дариға Бадықовамен мүлде таныс болмағанын атап өтті.

"Енді менің жанымдағы кісіні біреу ренжітсе, маған ренжімесін. Жаман сөз жазып, табалай бермеңдер. Ешкім ешкімнің бала-шағасынан ажыратқан жоқ. Бірінші некеден 9 жыл бұрын екі жаққа келісімді түрде кеткен адамдармыз. Ол кезде Дариғаны танымаймын да. Осы мен осы тақырып жабылсын. Бақыт тілеп жатқан жандар, сіздерді өнермен талай қуантамыз", – деді Олжас Абай.

Осылайша актер қазіргі жұбайының бұрынғы отбасымен ажырасуына қатысы жоқ екенін жеткізді. Сондай-ақ жеке өміріне қатысты талқылауды тоқтатуды сұрап, өзіне және отбасына қолдау білдірген жандарға алғысын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Дариға Бадықова да әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне бағытталған сын-пікірлерге жауап беріп, жеке өміріне қатысты айтылып жүрген әңгімелерге пікір білдірген.

Олжас Абай кім?

Олжас Абай (Жанабеков) – қазақстандық актер, әнші және продюсер. Өнер иесі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын "Драма театры және кино актері" мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек еткен.

Көпшілікке "Ochooou" немесе "Очоу" сахналық есімімен де таныс.

Ол "Брат или брак", "Класстастар", "Сиситай", "Базар жоқ, Мексика!" және "Таптым-ау сені" фильмдеріндегі рөлдері арқылы танылған.

Актерлікпен қатар әншілік өнерді де қатар алып жүріп, бірнеше музыкалық туындысын жарыққа шығарған.

Өнер иесі түрлі телевизиялық және шығармашылық жобаларға қатысқан.

2026 жылдың қазан айында актриса Дариға Бадықовамен шаңырақ көтерді.