Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 3 қарашада басталады. Бағдарлама аясында 50 миллион теңгеге дейін несие алуға болады, деп хабарлайды ult.kz.
«Отбасы банкінің» мәліметінше, Азия даму банкі бағдарламаға екінші транш ретінде 20 миллиард теңге бөлген.
Несие мөлшерлемесі жылдық 14,8%, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3–16,8% аралығында. Қатысушы отбасының орташа айлық таза табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспауы керек. Өтініш беруші соңғы алты айдағы ресми табысын растауға міндетті.
Бастапқы жарна Астана мен Алматыда баспана құнының кемінде 20%-ын, басқа қалаларда 15%-ын құрайды. Банк несие сомасын есептегенде үйдің сатып алу бағасы мен бағалау құнының төменгісін негізге алады.
Өтінімді банк кеңесшілері арқылы, онлайн бейнеқызмет көмегімен немесе бөлімшеге барып беруге болады.