"Бәрі керемет басталды": Димаш Құдайберген Польшадағы концертінен кейін жанкүйерлеріне алғыс айтты

"Бәрі керемет басталды": Димаш Құдайберген Польшадағы концертінен кейін жанкүйерлеріне алғыс айтты
Димаш Құдайберген. Фото: dimashnews.com

Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген Польшада өткен концертінен кейін жанкүйерлеріне ерекше ықыласын білдірді. Әлемдік турнесін Краков қаласынан бастаған өнер иесі тыңдармандарына алғыс айтып, алдағы кездесуді асыға күтетінін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

18 қазанда Польшаның Краков қаласындағы Tauron Arena сахнасында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турнесінің алғашқы концерті өтті. Әншінің өнерін тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған жанкүйер жиналды.

Ауқымды шоудан кейін Димаш әлеуметтік желідегі парақшасында концерттен алған әсерімен бөлісіп, поляк тыңдармандарына жылы лебізін арнады.

"Рақмет саған, Краков! Рақмет, Польша! DIMENSIONS атты әлемдік турнеміз сіздердің арқаларыңызда керемет басталды! Қолдауларыңызға, ерекше ықыластарыңызға және сол кеште сыйлаған ұмытылмас әсерлеріңізге алғыс айтамын! Дюссельдорфта кездескенше, қымбатты жанкүйерлерім!" – деп жазды әнші.

Өнер иесінің жазбасына әлемнің әр елінен жанкүйерлер пікір қалдырып, концерттен алған әсерлерін бөлісті.

"Димаш, сахнада сыйлаған ғажайып сәттерің үшін рақмет! Концерттің әр секунды жүрегімізде сақталып қалды. Бәрі ерекше, әдемі әрі әсерлі өтті", "Сізді Польшада қарсы алу біз үшін үлкен мәртебн", "Жаңа әндеріңіз таңғалдырды! Махаббат пен қуанышқа толы кештің әсері экранның ар жағынан да сезілді", "Құттықтаймыз, Димаш! Бұл ұмытылмас концерт болды!" – деп жазды тыңдармандар.

Концерттен кейін әнші мен оның командасы Краков көшелерін аралап, қаланың көрікті жерлерін тамашалаған.

Осылайша, Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік турнесі Польшада жанкүйерлердің ыстық ықыласымен басталды. Енді өнер иесі DIMENSIONS шоуын Германияның Дюссельдорф қаласында ұсынбақ.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақ музыкасын халықаралық сахнада танытып жүрген әнші, композитор әрі мультиаспапшы. Оның толық есімі – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Әнші 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол бала кезінен фортепианода ойнап, музыкалық білімін жетілдірген. Димаш Құдайберген Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде білім алған. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде эстрадалық вокал мамандығын меңгерген.

2015 жылы Беларусьтегі "Славян базары" халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алған.

2017 жылы Қытайдың Singer музыкалық жобасында екінші орын иеленіп, халықаралық танымалдыққа қол жеткізді

2023 жылы оған "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы берілді.

Ал 2024 жылы Димаш Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі болып тағайындалып, мигранттардың құқықтарын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға кірісті.