Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Польшада өткен концертінде жаңа әндерін таныстырып, ерекше сахналық қойылымдарымен көрермендерді тәнті етті, деп хабарлайды ult.kz.
18 қазанда Краков қаласындағы Tauron Arena сахнасында әншінің DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турының алғашқы концерті өтті. Ауқымды кешке әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған жанкүйер жиналды.
Димаш концертін қазақ тіліндегі "Dimensions" әнімен ашты. Өнер иесі жаңа турға арнайы бірнеше шығарма дайындаған. Олардың басым бөлігінің музыкасын өзі жазған. Сондай-ақ кеште інісі Мансұр Құдайбергеннің "Release My Soul" туындысы алғаш рет орындалды.
Концерттің әсерлі сәттерінің бірі – сахнада Димаштың бала күніндегі және егде жастағы бейнелерінің көрсетілуі болды. Әнші экрандағы өз бейнелерімен бірге "Өмір" әнін орындап, көрермендерге ерекше қойылым ұсынды.
Кеш барысында Димаш Молдовадан келген Тимур есімді кішкентай жанкүйерін сахнаға шақырды. Бала әншімен бірге "S.O.S" және "Любовь уставших лебедей" әндерінен үзінді орындады. Ал поляк жанкүйерлері өнер иесіне өз тілдерінде "Мен сіздерді жақсы көремін" деп айтуды үйретті.
Әлемдік сахнада қазақтың ұлттық өнері де дәріптелді. Димаш "Ақерке", "Тау ішінде", "Дурдараз" халық әндерін шырқап, домбыра мен қобыздың үнін халықаралық аудиторияға жеткізді.
Концерт соңында әнші жанкүйерлеріне алғыс айтып, келесі кездесулерге шақырды.
Айта кетейік, DIMENSIONS әлемдік туры аясында Димаш сегіз елдің 11 қаласында 12 концерт өткізуді жоспарлаған. Польшадағы кештен кейін әнші Германия, Испания, Мексика, Колумбия, Чили, Перу және Индонезияда өнер көрсетпек.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген – қазақстандық әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі және халықаралық деңгейде танылған өнер иесі. Ол 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева да музыка саласында еңбек еткен. Димаш бала кезінен музыкаға қызығып, вокал және аспапта ойнау бағытында білім алған. Ол Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде оқыған. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде білімін жалғастырған. 2015 жылы Беларусьтегі "Славян базары" халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
2017 жылы Қытайдағы Singer музыкалық жобасына қатысып, екінші орын иеленді. Осы жобадан кейін оның танымалдығы халықаралық деңгейде айтарлықтай артты. Әнші қазақ, орыс, ағылшын, француз және басқа да тілдерде шығармалар орындайды.
Оның репертуарында "S.O.S d'un terrien en détresse", "Ұмытылмас күн", "Аққуым" және "Stranger" сияқты әндер бар. Димаш жоғары және төмен регистрлерді қамтитын кең дауыс диапазонымен ерекшеленеді. 2023 жылы оған Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. Бүгінде Димаш Құдайберген әлемнің түрлі елдерінде концерт өткізіп, қазақ музыкасын халықаралық сахнада таныстырып жүр.