Шымкент – Алматы бағытындағы рейсте кондиционері қосылмаған, есіктері жабық ұшақтың ішінде 45 минут отырған жолаушы FlyArystan әуе компаниясын сотқа беріп, моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды ult.kz.
Newtimes.kz порталының хабарлауынша, оқиға шілде айында Шымкент әуежайында болған. Сырттағы ауа температурасы 40 градусқа жеткен кезде жолаушылар жабық ұшақтың ішінде кондиционерсіз шамамен 45 минут күтуге мәжбүр болған.
Заңгер Абылай Байтенов қызмет көрсету сапасына келіспей, сотқа талап арыз түсірген. Ол негізгі дәлел ретінде оқиға кезінде смартфонына түсірілген бейнежазбаларды ұсынған.
«Шілде айында кешкі сағат 17:00-де Шымкент әуежайында есіктері жабық, кондиционері қосылмаған ұшақтың ішінде бізді 45 минут бойы ұстап отырды. Соттағы әуе тасымалдаушының ұстанымы мынадай болды: ешқандай қорқынышты жағдай жоқ, ондай болып тұрады, ешқандай заңбұзушылық жоқ», – деп жазды Байтенов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бірінші сатыдағы сот жолаушының талабын қанағаттандырды. Сот шешімімен FlyArystan компаниясынан моральдық зиян үшін өтемақы өндіріліп, талап қоюшының сот шығындарын толық өтеу міндеттелді.
Заңгер істің әрі қарай жалғасуына дайын екенін айтып, әуе компаниясы апелляциялық шағым түсіруі мүмкін екенін жеткізді.