Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер басшылары қатысқан концертте өнер көрсетті, деп хабарлайды ult.kz.
Мәдени іс-шарада «Түркі әлемі» ансамблі мен Түркия Республикасы Президенттік симфониялық оркестрі түркі мемлекеттерінің таңдаулы музыкалық шығармаларын орындады.

Концерт барысында мәртебелі меймандар түркі халықтарының ұлттық билерін тамашалады. Сондай-ақ сахнаға Түркияның танымал әншісі Кырач пен Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген шықты.

Мәдени кеш түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы мен өнерін дәріптеуге арналды.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген — қазақстандық әнші, композитор әрі мультиаспапшы. Ол 1994 жылғы 24 мамырда Ақтөбеде дүниеге келген. Өнерлі отбасында өскен әншінің әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева да — кәсіби әншілер.
Димаш 2015 жылы Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ал 2017 жылы Қытайдағы «Singer» жобасына қатысып, әлемге кеңінен танылды.
Әнші кең дауыс диапазонымен, күрделі вокалдық шығармаларды орындау шеберлігімен ерекшеленеді. Оның репертуарында қазақ тіліндегі әндермен қатар, түрлі тілде орындалатын туындылар бар. Димаштың танымал шығармаларының қатарында «Ұмытылмас күн», «Махаббат бер маған» және «Самалтау» әндері аталады.