Binance биржасынан $6,3 млрд криптоактив ұрланды

Binance биржасынан $6,3 млрд криптоактив ұрланды
GETTY IMAGES

Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржаларының бірі Binance хакерлік шабуылға ұшырады. Зиянкестер биржаның ыстық әмияндарынан шамамен 6,3 млрд долларлық криптоактивті шығарған. Оның 3 млрд долларға жуығын бұғаттауға мүмкіндік болған. Бұл туралы Binance мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, хакерлер биржа инженерлерінің бірінің ноутбугін бұзу арқылы ішкі жүйелерге қол жеткізген. Соның нәтижесінде криптоактивтерді рұқсатсыз шығару операциялары жасалған. Қазір шабуылдың нақты қалай жүзеге асқаны тергеліп жатыр.

Оқиғадан кейін Binance қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қаражат енгізу мен шығару операцияларын уақытша тоқтатты. Компания клиенттердің шығынын сақтандыру қоры SAFU және өз қаражаты есебінен толық өтейтінін мәлімдеді.

Tether пен Circle сияқты стейблкоин эмитенттері де бұғаттау жұмыстарына қатысқан. Нәтижесінде шамамен 3 млрд долларлық активті тоқтатуға қол жеткізілген.

Кибершабуыл криптовалюта нарығына да әсер етті. Bitcoin бағасы 4 пайыздан астам төмендеп, Ethereum құны да арзандады. Ал Binance-тің BNB токені шамамен 9 пайызға құлдырады. Сонымен қатар фьючерстік нарықта 1,48 млрд доллардан астам позиция мәжбүрлі түрде жабылып, 242 мыңнан астам трейдер зардап шеккен.

Бұл криптовалюта тарихындағы ең ірі хакерлік шабуылдардың бірі саналады. Бұған дейінгі рекорд 2025 жылы Bybit биржасында тіркелген еді. Ол кезде шамамен 1,5 млрд долларлық криптоактив ұрланған.