Жауын-шашын, көктайғақ, тұман: 30 қазанда елде ауа райы қандай болады?

Жауын-шашын, көктайғақ, тұман: 30 қазанда елде ауа райы қандай болады?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

30 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде жауын-шашын, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі. Сонымен қатар бірнеше облыс пен қалада жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар жауып, солтүстігі мен таулы аудандарында кей уақытта қатты жауын-шашын болады. Көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Абай облысында да жаңбыр мен қар жауып, солтүстігі мен шығысында көктайғақ болады. Түнде және таңертең шығысында тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Павлодар облысында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз батысы мен оңтүстігінде аздаған жауын-шашын болжанады. Аталған аудандарда көктайғақ болып, желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Батысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Қарағанды облысының батысында, солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Қарағанды қаласында да тұман күтіледі. Ал облыстың батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болады. Батысы мен орталығында, сондай-ақ Жезқазған қаласында төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының таулы аудандарында тұман түсіп, оңтүстігі мен таулы аймақтарында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Түнде облыс бойынша 1-6 градус үсік жүреді. Батысында, оңтүстігінде, шығысы мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Қонаев қаласында түнде 1-3 градус үсік күтіледі.

Алматы қаласының Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында да кей уақытта тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысының таулы аудандарында тұман күтіледі. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Түнде облыс бойынша 4-9 градус үсік жүреді. Шығысында төтенше, оңтүстігінде, батысында және орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Талдықорған қаласында түнде 7-9 градус үсік күтіледі.

Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түседі. Түнде облыс бойынша 1-6 градус үсік жүреді. Таулы аймақтарда желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Түркістан облысының таулы аудандарында тұман күтіледі. Күндіз таулы аймақтарда желдің екпіні 15-20 м/с болады. Түнде батысында 1 градус үсік жүреді. Облыстың бірқатар ауданында жоғары өрт қаупі сақталады. Түркістан қаласында түнде 1-3 градус үсік күтіледі.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында түнде 3 градус үсік болады. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі, солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында да төтенше өрт қаупі бар.

Ақмола облысының батысы мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында да осы уақытта тұман күтіледі. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, батысында, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Атырау облысы мен Атырау қаласында төтенше өрт қаупі жарияланды.

Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғып, күндіз батысы мен орталығында екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Өңір бойынша жоғары, орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтау қаласында да күндіз желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Сонымен қатар Ақтөбе облысының шығысында, батысында, оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкент қаласында да жоғары өрт қаупі күтіледі.