Димаш Құдайберген Түркияда өткен халықаралық концертте өнер көрсетті

Димаш Құдайберген Түркияда өткен халықаралық концертте өнер көрсетті
Фото-коллаж: ult.kz

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Түркия астанасы Анкарада ұйымдастырылған халықаралық концертке арнайы қонақ ретінде қатысып, бірнеше тілде ән шырқады. Өнер иесі түркі жұртының алдында өзінің төл туындыларымен қатар әлемге әйгілі шығармаларды орындады, деп хабарлайды ult.kz.

28 қазанда Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының мәдени іс-шаралары аясында "Grand Arena Concert" атты ауқымды концерт өтті. Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай ұйымдастырылған кеште түркі елдерінің танымал опера әншілері мен классикалық музыка орындаушылары бас қосты.

Мерекелік кешке Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі, ТҮРКСОЙ ұйымының "Түркі әлемінің мәдениет елшісі" орденінің иегері Димаш Құдайберген арнайы шақырылды.

Димаш қазақ және түрік тілдерінде ән шырқады

Қазақстандық әнші концерт барысында өзінің "Ұмытылмас күн" атты авторлық шығармасын қазақ тілінде орындады. Сондай-ақ аты аңызға айналған Queen тобының "The Show Must Go On" әнін Түркияның Президенттік симфониялық оркестрімен бірге шырқады.

Бұдан бөлек, Димаш түркиялық танымал диджей Бурак Йетермен бірлесіп жазған "Weekend" туындысын көрермен назарына ұсынды. Әнші жуырда жарыққа шыққан, түрік тіліндегі алғашқы авторлық әні "Yazgı"-ны да орындады.

Концерт бойы көрермендер қазақстандық өнерпазға қошемет көрсетіп, оның әр әнін жылы қабылдады. Димаш өз кезегінде жиналған қауымға қазақ, ағылшын және түрік тілдерінде алғыс айтты. Ол бауырлас түрік халқының алдында өнер көрсету өзі үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш екенін жеткізді.

Түркі елдерінің өнерпаздары бір сахнада бас қосты

Халықаралық кеште Түркияның Президенттік симфониялық оркестрі бас дирижер Джеми Джан Делиорманның жетекшілігімен әлемдік классикалық музыканың таңдаулы туындыларын орындады. Атап айтқанда, Нино Ротаның "Parla più piano", Джузеппе Вердидің "Травиата" операсынан "Brindisi" және Латиф Хамидидің "Бұлбұл" шығармалары шырқалды.

Концертке Қазақстан атынан опера әншілері Зарина Алтынбаева мен Салтанат Дәулетханова да қатысты. Сондай-ақ Түркиядан Мұрат Карахан мен Берил Йөрекли Эл, Түрікменстаннан Атаджан Бердиев, Қырғызстаннан Заира Раимбекова, Өзбекстаннан Умид Шавкат Угли және Әзербайжаннан Рамиль Гасымов өнер көрсетті.

Анкарадағы концерт түркі халықтарының музыкалық мұрасын дәріптеп, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталды.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – әлемдік сахнада танылған қазақстандық әнші, композитор әрі бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз. Оның толық аты-жөні – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген, 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері.

Димаш екі жасында алғаш сахнаға шығып, алты жасында "Айналайын" республикалық байқауының фортепиано аталымында жеңіске жеткен. Ол Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінде білім алып, кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде эстрада өнері мамандығын меңгерді.

2012 жылы "Жас қанат" республикалық байқауының бас жүлдесін иеленіп, 2013 жылы Қырғызстандағы "Мейкин Азия" фестивалінде жеңімпаз атанды. 2015 жылы Беларусь елінде ұйымдастырылған "Славян базары" халықаралық байқауында Гран-при жеңіп алды.

Ал 2017 жылы Қытайдың "Singer" музыкалық жобасына қатысып, екінші орынға ие болды.

Әнші Қытай, Франция, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттерде жеке концерттер өткізіп, қазақ музыкасын халықаралық сахнада таныстырып келеді.

Димаштың шығармашылық қоржынында "Дайдидау", "Махаббат бер маған", "Stranger" секілді туындылар бар, ал 2023 жылы оған Қазақстанның халық әртісі атағы берілді.