Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары Мөлдір Мұқан тың туындысын көпшілікке ұсынуға дайындалып жатыр. Өнер иесі белгілі ақын Мұхтар Шахановтың өлеңіне ән жазып, шығармашылығында жаңа бағытқа қадам басқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа әнін жазып шыққанын айтып, ерекше әсерге бөленгенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл туынды бұрынғы шығармаларынан мазмұны мен көтерген тақырыбы жағынан ерекшеленеді. Әнді жазу барысында қуаныш пен қобалжуды қатар сезінген.
Жаңа әнге Мұхтар Шахановтың өмірлік қиындықтарға мойымауға, уақытша сәтсіздіктерді бақытсыздық деп қабылдамауға үндейтін өлеңі негіз болған. Әсіресе, ақынның адамды жігерлендіретін ойлары өнер иесіне ерекше әсер еткен.
Мөлдір Мұқанның пікірінше, әр адамның өмірінде қуанышты сәттермен қатар қиындықтар мен сәтсіздіктер де кездеседі. Алайда мұндай жағдайларда өмір тоқтап қалғандай күй кешпей, керісінше, бойға күш жинап, алға ұмтылу маңызды.
Өнер иесі бұрыннан бері бас көтеріп, қандай жағдай болса да алға жылжуды өмірлік ұстанымына айналдырған. Сондықтан Мұхтар Шахановтың жігер беретін өлеңін әнге айналдыруды жөн көрген.
Сондай-ақ Мөлдір Мұқан туындыны жазуға кіріспес бұрын ақынның отбасымен байланысқанын айтты. Ол Мұхтар Шахановтың әкімшісі мен жұбайына хабарласып, өлеңді әнге айналдыру үшін ресми рұқсат алғанын жеткізді. Бұған қолдау білдірген ақынның жақындарына алғысын білдірген.
Әнші жаңа туындының шығармашылық жолында ерекше орын алатынына сенімді. Оның айтуынша, бұл ән тыңдарманға жігер беріп, өмірдің түрлі сынақтарына төтеп беруге үндейді.
Мөлдір Мұқан алдағы уақытта жаңа әнін көпшілік назарына ұсынуды жоспарлап отырғанын айтып, тыңдармандарын жаңалығын күтуге шақырды.
Айта кетейік, Мөлдір Мұқан денсаулығына қатысты жайсыз хабар айтты.
Мөлдір Мұқан кім?
Мөлдір Мұқан – қазақстандық продюсер, әнші және шығармашылық жобаларды ұйымдастырушы. Ол көпшілікке танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы ретінде де белгілі.
Мөлдір Мұқан ұзақ жылдар бойы өнер саласында еңбек етіп, концерттер мен түрлі шығармашылық жобалардың ұйымдастырылуына атсалысқан. Ол бес баланың анасы. Соңғы уақытта жеке шығармашылығына көбірек көңіл бөліп, әншілік қырын танытып жүр.

Негізгі мамандығы – экономист. Жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, 21 жасынан бастап мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Кейін балаларға арналған «ММ» өнер мектебін ашып, продюсерлікпен айналыса бастаған. Әнші Ақтоты Болышевамен шығармашылық байланыста жұмыс істеген.

2025 жылы «Шәй в большом городе» фильмінің продюсері болды. Сондай-ақ «Өтірік» және «Өмір сүр қалма елден» әндерін жарыққа шығарды. 2025 жылы Тұрсынбек Қабатовпен ресми түрде ажырасқанын жариялады.