“Астанаға көктем кеш келеді” фильмі арқылы көрерменге танылған актриса Арай Орақбаева шығармашылық жолының күтпеген жерден үзілуіне не себеп болғанын айтты. Өнер иесі тұрмысқа шығу жоспарында болмағанын, алайда өзін еркінен тыс алып қашқаннан кейін кино саласынан бірнеше жылға қол үзіп қалғанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
2009 жылы жарыққа шыққан “Астанаға көктем кеш келеді” мелодрамасы көрерменнің есінде қалған туындылардың бірі. Фильмде ауылдан арман қуып елордаға оқуға келген Назым есімді бойжеткеннің тағдыры баяндалады. Университетке түсе алмаған ол Астанада қалып, құрылыс саласына жұмысқа орналасады. Үлкен қаланың қиындығына төтеп беруге тырысқан жас қыз жеке өмірінде де түрлі сынаққа тап болады.
Аталған фильмде басты кейіпкерді сомдаған Арай Орақбаева сол кезеңде көпшіліктің назарын аударғанымен, кейін ұзақ уақыт экраннан көрінбей кетті.

Жуырда “Köremiz show” бағдарламасына қатысқан актриса өнердегі үзілісіне себеп болған жеке өміріндегі оқиғаны баяндады.
“Екі күн көнбедім, үшінші күні қалып қойдым”
Актрисаның айтуынша, сол жылдары оның шығармашылық мансабы қарқынды дамып, бірнеше маңызды жобаға қатысу мүмкіндігі туған. Алайда күтпеген жағдай болашақ жоспарын түбегейлі өзгерткен.
“Мені негізі алып қашып кеткен. Тұрмысқа шығу менің ойымда болмаған еді. Өйткені менде сол жылдары өте қарқынды түсірілімдер болды. “Болашақ” атты фильмге түсіп, Германияға кетуім керек болған. Театр актрисасы болмасам да, “Бақыт құсы” атты спектакльге басты рөлге бекіткен. Бойым ұзын болғаннан кейін сахнада жақсы көрінесің деген еді. “Қазақфильмнің” “Жеңіс семсері” деген фильмінде басты рөлдердің бірін ойнап, қайнап жатқан кезімде жолдасым рұқсатсыз алып қашып кетті. Екі күн көнбедім, үшінші күні қалып кеттім. Сонымен менің кино мансабым үзілді”, – деді Арай Орақбаева.
Өнер иесінің сөзінше, ол кезде шетелде түсірілімге қатысып, театр сахнасында да бағын сынауға мүмкіндік болған. Бірақ отбасылық өмірге аяқ басқан соң шығармашылық жоспарлары кейінге шегерілген.
Киноға бес-алты жыл түспеген
Бағдарлама жүргізушісі актрисадан өнердегі үзілістің қанша уақытқа созылғанын сұрады. Арай Орақбаева кино саласынан шамамен бес-алты жыл қол үзіп қалғанын айтты. Актриса бұл кезеңде кәсіби мүмкіндіктерін толық пайдалана алмағанын жасырмады. Оның айтуынша, тұрмысқа шығуы шығармашылық жолына айтарлықтай әсер еткен.
Дегенмен Арай Орақбаева өнерден біржола кеткен жоқ. Қазір ол актерлік қызметіне қайта оралып, кино жобаларына қатысып, жаңа рөлдер арқылы көрерменімен қайта қауышып жүр.
Арай Орақбаева кім?
Арай Орақбаева – қазақстандық кино және телехикая актрисасы, “Астанаға көктем кеш келеді” фильмі арқылы көпшілікке танылған өнер иесі. Ол балалық шағын Аягөз қаласында өткізіп, мектеп кезінен түрлі шығармашылық байқауларға қатысқан.
2007 жылы “Аягөз аруы” байқауында жеңімпаз атанып, кейін республикалық сұлулық сайыстарында бақ сынаған. Бастапқыда заңгер болуды армандағанымен, кейін актерлік өнерге бет бұрып, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған.
2009 жылы режиссер Еркін Рақышевтің “Астанаға көктем кеш келеді” фильмінде Назым есімді бойжеткеннің бейнесін сомдап, көрермен ықыласына бөленді.
2011 жылы Баян Алагөзова ұйымдастырған “Қазақ аруы” байқауына қатысып, үшінші орынды иеленді.
Актриса “Жеңіс семсері”, “Болашақ”, “Балалық шағымның аспаны”, “Тамыр” және “Zero.QARYZ” фильмдеріне түскен.
Сондай-ақ “Аппақ келін”, “Бақыттың кілті”, “Қашқын” және “Гаухар” телехикаяларында өнер көрсеткен.
Арай Орақбаева тұрмыс құрғаннан кейін шығармашылық қызметінде бірнеше жыл үзіліс болғанын, алайда кейін кино саласына қайта оралғанын айтқан. Өнер иесі екі баланың анасы және актерлік жұмысын отбасылық өмірімен қатар алып жүр.