Астанада пәтер алып-сату арқылы жоғары табыс табуға уәде берген әйел 19 адамды алдап, 155 млн теңгеден астам қаражатты иемденген. Сот оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда төрт баланың анасы болғандықтан, жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, әйел 2025 жылдың мамырынан 2026 жылдың қаңтарына дейін Instagram әлеуметтік желісінде Алматыдан нарықтағы бағадан арзан пәтерлер сатып алып, жөндеп, кейін қымбатқа сату арқылы пайда табуға болатыны туралы ақпарат таратқан.
Осылайша ол инвестиция салуға ниетті азаматтарды тартқан. Әйел инвесторларға олардың атына рәсімделген тауарлық кредиттерді төлеп, салған қаражатының 5-10 пайызы көлемінде ай сайын бонус беруге уәде еткен.
Бастапқыда ол уәдесінде тұрғандай көрініп, бір инвестордан түскен ақшаны екіншісіне төлем жасауға пайдаланған. Алайда кейін төлемдер тоқтап, салымшылар алдындағы міндеттемелер орындалмаған. Нәтижесінде 19 адамға келтірілген шығын 155 млн теңгеден асқан.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған. Ол пәтерлерді қайта сатумен айналысуды жоспарлағанын, бірақ барлық инвестормен есеп айырысуға шамасы жетпегенін айтқан.
Ал жәбірленушілер қаражат бергенін және кредит рәсімдегенін растады. Олардың айтуынша, несие бойынша берешек әлі күнге дейін өтелмеген. Сондықтан олар соттан қатаң жаза тағайындап, келтірілген шығынды өндіріп беруді сұраған.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық үшін мүлкін тәркілеумен бірге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот әйелдің бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар үшін сотталғанын ескерді. Сонымен қатар оның асырауында төрт кәмелетке толмаған баласы бар екені жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Осы мән-жайларды, жәбірленушілердің санын, өтелмеген шығын көлемін және олардың пікірін ескере отырып, сот әйелді 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде төрт кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны орындау екі жылға, яғни 2028 жылғы 20 қазанға дейін кейінге қалдырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының тұрғыны жоқ пәтерді сатып алмақ болып, алаяққа 10 млн теңгесін берген.