Шымкент әуежайында Өзбекстан азаматтары Түркияға 227,8 млн теңгенің алтынын заңсыз алып өтпек болған. Олар салмағы 2,8 келіге жуық бағалы металды шабаданның ішкі астарына жасырып, кедендік бақылаудан өткізуді көздеген, деп хабарлайды ult.kz.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, шетел азаматтары алтынды кедендік тексеруден жасыру үшін оның бөлшектерін шабадандардың ішкі астарына және жүк қаптамаларына жаққан.
Алайда заңсыз әрекет әшкереленіп, жалпы құны 227,8 млн теңге болатын 2,8 келіге жуық алтын мемлекет пайдасына тәркіленді.
«Сот үкімі шыққанға дейін құны 227,8 млн теңгені құрайтын 2,8 келіге жуық алтын мемлекет пайдасына тәркіленді. Бұл шешім Бас көлік прокуратурасының өтінішхаттары негізінде қабылданды», – деп хабарлады прокуратура.
Қазіргі уақытта Өзбекстан азаматтарына халықаралық іздеу жарияланған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әуежайында Антальяға 3,1 келі алтын құймасын заңсыз алып өтпек болған азаматтар сотталған еді. Құны 68 млн теңге болатын алтын мемлекет кірісіне айналдырылған.