Жамбыл ауданында екі баласына алимент төлеуден жалтарған 30 жастағы азамат үш жыл бойы жиналған 4,1 млн теңге берешегін толық өтеді. Бұған прокуратура қабылдаған шаралар себеп болған, деп хабарлайды ult.kz.
Прокуратураның мәліметінше, ер адамның алимент төлеуге қаржылық мүмкіндігі болған. Алайда ол 2023 жылдан бері табысын жасырып, екі кәмелетке толмаған баласына қаражат аударудан қасақана жалтарған. Соның салдарынан миллиондаған теңге қарыз жиналған.
2026 жылғы қыркүйекте аудан прокуратурасының бастамасымен полиция Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Тергеу барысында борышкер алимент берешегінің бір бөлігін өтеген.
Кейін тараптар медиациялық келісімге келді. Келісім бойынша азамат алдағы уақытта алиментті уақытылы әрі толық төлеуге міндеттенді.
19 қазанда тараптардың татуласуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды.
Прокуратураның хабарлауынша, қабылданған шаралар нәтижесінде балалардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, сот шешімінің орындалуы қамтамасыз етілді.