Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға арналған цифрлық тетіктер халықаралық делегация өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Финляндия, Жапония, Қырғызстан және Өзбекстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен ЮНИСЕФ өкілдері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 111 байланыс орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Динара Зәкиеваның шақыруымен өткен «Балалар үні: ұлттық стратегиялар және қауіпсіз цифрлық орта» атты ІІ халықаралық форум аясында ұйымдастырылды.
Шетелдік қонақтарға байланыс орталығының жұмысы, балалардан келіп түскен өтініштерді қабылдау және жедел өңдеу тәртібі таныстырылды. Әсіресе, буллинг, зорлық-зомбылық және басқа да құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға мүмкіндік беретін QR-арнаға ерекше назар аударылды.
Қазақстанда 2024 жылдың соңында іске қосылған бұл цифрлық құрал Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қолдауымен еліміздегі барлық білім беру ұйымдарына енгізілген.
QR-кодты сканерлеген бала арнайы чатқа өтіп, өз мәселесін мамандарға жеткізе алады. Сонымен қатар оған психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Егер өтініште баланың өмірі мен денсаулығына немесе қауіпсіздігіне төнген қатер туралы ақпарат болса, ол тиісті мемлекеттік органдарға, соның ішінде құқық қорғау органдарына жолданады.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 111 байланыс орталығына балалардан 51 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 48 мыңнан астамы QR-арна арқылы, ал 3 мыңнан астамы телефон қоңыраулары арқылы қабылданған.
«111 – отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша көмек көрсететін байланыс арнасы. Байланыс орталығының қызметі 2023 жылы Мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері орталық мамандары 552 мыңнан астам өтініш қабылдады. Оның 193 мыңнан астамы тікелей балалардан келіп түсті», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Халықаралық делегация мүшелері орталықтың жұмыс тәжірибесімен танысып қана қоймай, мұндай цифрлық тетіктерді өз елдерінде енгізу мүмкіндіктерін де талқылады.
Сапар барысында шетелдік қонақтар Мемлекеттік корпорацияның Ахуалдық орталығы мен елордадағы халыққа қызмет көрсету орталығына да барды. Ахуалдық орталықта деректерді талдау, жұмыс процестерін бақылау және құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіру жүйесі көрсетілді. Ал ХҚКО-да мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге арналған цифрлық шешімдер таныстырылды.
Осылайша, халықаралық делегация Қазақстанның балалар құқығын қорғау саласында цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесін және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіндегі жаңашылдықтарды зерделеді.