Әртіс әрі продюсер Дархан Мұсаев «Сүйемін деші» атты жаңа фильмінің көрерменге жол тартатын уақытын өзгерткенін айтты. Бұған бұрынғы жұбайы Дариға Бадықованың «Соңыра» туындысының сол кезеңде жарыққа шығуы себеп болған, деп хабарлайды ult.kz.
Продюсер өз фильмін қараша айының ортасында ұсынуды жоспарлаған. Алайда екі картинаның көрсетілімі тұспа-тұс келетінін білген соң, премьераны шегеруді жөн көрген.
Мұсаевтың сөзінше, ол бұл жайттың жұрт арасында түрлі әңгімеге арқау болғанын қаламайды. Әсіресе, «бұрынғы жұбайының фильмін пайдаланып, хайп қуды» деген пікір туындамас үшін осындай шешім қабылдаған.
Айта кетейік, Дариға Бадықова Олжас Абайға ерекше ықыласын білдірді.
Дархан Мұсаев кім?
Дархан Мұсаев — қазақстандық театр және кино актері, продюсер. Көрерменге «Күйеу бала» телехикаясы арқылы таныс. Бұл жобада ол Дариға Бадықовамен бірге ерлі-зайыптылардың рөлін сомдаған. Оның шығармашылық жолы Мұхтар Әуезов атындағы театрмен де байланысты: «Дон Сезар де Базан» қойылымында Капитан рөлін орындаған.

Кейінгі уақытта кино өндірісіне бет бұрып, продюсерлік жұмыспен айналыса бастаған. 2026 жылдың ақпанында жаңа фильм түсіруге кіріскенін хабарлап, кейін басты рөлдерге кастинг жариялаған.
Ол актриса Дариға Бадықованың бұрынғы жұбайы ретінде де белгілі. Мұсаевтың айтуынша, екеуі 16 жыл бірге тұрып, 2024 жылдың күзінде ажырасқан. 2026 жылғы қазанда актер қайта некеге тұрғанын мәлімдеді.
