Жамбыл облысында төрт айға жуық уақыт ішінде 384 бас ұсақ малды ұрлады деген күдікпен төрт адам ұсталды. Келтірілген шығын көлемі 34 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер биыл шілде-қазан айлары аралығында Байзақ ауданында болған төрт бірдей мал ұрлығына қатысы бар деп күдіктеліп отыр. Олар қоралар мен жайылымдардан жалпы саны 384 бас қой-ешкіні қолды қылған.
Аталған деректер бойынша аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы күдігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу барысында полицейлер заттай дәлелдемелер жинап, куәгерлер мен күдіктілерден жауап алған. Қазіргі уақытта төрт азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.