Танымал әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі Назира Байырбек жездесі Жанболат Ербатыровты туған күнімен құттықтап, оның көпшілік біле бермейтін қырын әзілмен жеткізді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында жездесінің қамқорлығы мен отбасылық қарым-қатынасы туралы қызықты естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Назираның айтуынша, Жанболат Ербатыров жақындарына үнемі пайдалы кеңес беріп, олардың жоспарларына қызығушылық танытып отырады. Әсіресе жаз мезгілінде жездесінің WhatsApp пен Instagram арқылы жіберген хабарламалары оның есінде ерекше сақталыпты.
Әншінің балдызы сол кезде үйін жөндеп, ағаш үйлер салуды жоспарлап жүргенін айтады. Жездесі оған Алматы маңындағы жер телімдері, құрылыс материалдары мен үйдің сыртқы әрлеу жұмыстарына қатысты түрлі ақпарат жолдаған. Алайда кейін жіберген мәліметтерінің тақырыбы күтпеген жерден өзгерген.
"Үйге жөндеу жасап, үлкен мақсатпен ағаш үйлер салдырып жатқан едім ғой. Құрылыс материалын жібергеніңіз жөн енді. Бірақ неге аяқ жағы ферма, мал шаруашылығы жайлы болып кетті, а? Мені малшы қылып жіберейін деп пе едіңіз?" – деп әзілдеді Назира.
Ол Жанболат Ербатыровтың балдыздарына туған ағасындай қарайтынын, олардың әр бастамасына қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін аямайтынын атап өтті.
"Жездем жалпы балдыздарымен пайдалы ақпарат бөлісіп тұрғанды жақсы көреді. Ойланып, ақыл-кеңес қосып отырады", – деді ол.
Сонымен қатар Назира әпкесі Жазира Байырбекова мен Жанболат Ербатыровтың отбасылық өміріне қатысты да қызықты оқиғаны еске алды.
Оның сөзінше, Америкада жүрген кезінде жездесіне хабарласып, әпкесіне көбірек көңіл бөліп, романтикалық кездесулер ұйымдастыруға кеңес берген.
"Бұрын Америкада жүргенде жездеме звондап, "жезде, Жазира әпкемді свиданиеге шақырып, романтикалық кештер ұйымдастырып тұрыңыз" деп сыбырлап қойғам. Енді білмеймін, елге көрсетпей жасап жүрген шығар романтика. Ерлі-зайыптылардың арасында романтика үзілмегені дұрыс қой", – деп жазды Назира Байырбек.
Жазба соңында ол Жанболат Ербатыровтың жақындарына жанашыр, отбасына қамқор азамат екенін айтып, жүрекжарды тілегін арнады.
"Ағасындай қамқор, әпкесін аялаған жақсы жездесі бар біз бақыттымыз ғой. Бар арманыңыз орындалсын! Шаңырақтарыңыз тек қуанышқа толсын, Жанболат жезде", – деп түйіндеді ол.
Жанболат Ербатыров кім?
Жанболат Ербатыров – қазақ эстрадасының танымал әншісі, "Жанболат пен Жазира" дуэтінің мүшесі. Ол 1973 жылы Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. Болашақ әнші тоғыз балалы отбасында өсіп, жастайынан өнерге қызығушылық танытқан. Жанболат Ербатыров Алматыдағы эстрада-цирк училищесінде білім алып жүрген кезінде болашақ жары Жазира Байырбековамен танысқан. Кейін екеуі отбасын құрып, шығармашылық жолдарын бірге жалғастырды.
Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова 2002 жылдан бастап сахнада дуэт ретінде өнер көрсете бастады. Олардың репертуарында махаббат, отбасы, адалдық және адамгершілік тақырыптарына арналған әндер ерекше орын алады. Өнерлі жұп Алматыға алғаш қоныс аударған жылдары қаржылық қиындықтарға тап болып, түрлі жұмыстар атқарған. Кейін әншілік өнерге ден қойып, бірлескен шығармашылық жобалары арқылы көпшілікке танылды. Бүгінде Жанболат Ербатыров жұбайымен бірге қазақ эстрадасында ұзақ жылдар бойы өнер көрсетіп келе жатқан танымал әншілердің бірі саналады.
Жазира Байырбекова кім?
Жазира Сайлауқызы Байырбекова – қазақ эстрадасының танымал әншісі, "Жанболат пен Жазира" дуэтінің мүшесі. Ол 1978 жылы 30 қыркүйекте бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Бөген ауданына қарасты Пақташы елді мекенінде дүниеге келген. Әнші тоғыз балалы отбасында өсіп, бала кезінен музыкаға ерекше қызығушылық танытқан. Мектеп қабырғасында домбыра үйірмесіне қатысып, аудандық және облыстық өнер байқауларында бақ сынаған. 1992 жылы небәрі 14 жасында "Тамаша" ойын-сауық бағдарламасына қатысып, халық әні "Сәулем-ай" арқылы теледидар көрермендеріне таныла бастады. Кейін әпкесі Ләззат Байырбековамен бірге сахнаға шығып, музыкалық өнерін дамытты.
Жазира Байырбекова Алматыдағы эстрада-цирк колледжінде және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде білім алған. Студенттік жылдарында болашақ жары Жанболат Ербатыровпен танысып, кейін екеуі отбасын құрды. Өнерлі жұп бірлесіп ән айтып, қазақ эстрадасындағы танымал дуэттердің біріне айналды. Әншінің "Армансыз күнім болмайды", "Қыз бақыты", "Арман-ау, арман" секілді әндері тыңдарман арасында кеңінен таралған. Жазира Байырбекова жеке шығармашылығында махаббат, отбасы, сағыныш және ұлттық құндылықтар тақырыбына ерекше көңіл бөледі. Ол концерттік бағдарламалармен қатар түрлі мәдени іс-шаралар мен шығармашылық жобаларға қатысып келеді. Әнші әлеуметтік желілерде де белсенді болып, өнері мен өміріндегі жаңалықтарды оқырмандарымен бөлісіп отырады.