"Әртістен ақша шықпайды": Ата-анасының қарсылығына қарамастан өнерге келген жұлдыздар

"Әртістен ақша шықпайды": Ата-анасының қарсылығына қарамастан өнерге келген жұлдыздар
Фото-коллаж: ult.kz

Бүгінде елге танымал әншілер мен актерлердің барлығы бірдей өнер жолына ата-анасының ақ батасымен қадам баспаған. Бірінің әкесі баласының тұрақты жұмысы болғанын қаласа, енді бірінің анасы сахна өмірінен қауіптенген. Тіпті өнерге түскісі келген қызына қатаң шарт қойған ата-аналар да бар. Соған қарамастан өз таңдауынан бас тартпаған жұлдыздар бүгінде көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Ult.kz тілшісі танымал өнер иелерінің әр жылдары берген сұхбаттарына сүйеніп, олардың шығармашылық жолындағы отбасылық келіспеушіліктерді еске алды.

1. Бибігүл Төлегенова: Анасы Алматыға барып, әнші болуына қарсы болған

Қазақтың әйгілі әншісі, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың да өнер жолы бірден бастала қоймаған. Оның Алматыға барып, музыкамен кәсіби айналысуына анасы бастапқыда қарсы болған.

Өнер иесі бұл туралы 2024 жылы "Qazaqstan" телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасында әңгімеледі.

Әншінің айтуынша, 17–18 жасында өнер қуып, Алматыға аттанғысы келген. Алайда анасы қызының бөтен қалаға кетіп, әртіс болуын құп көрмеген. Ол кезде кей адамдар өнер ортасында жүрген қыздардың болашағына күмәнмен қарайтын. Анасы қызының білімін аяқтамай, тұрмысқа шығып, өнерден қол үзіп қалуынан қауіптенген. Бірақ Бибігүл Төлегенованың әншілікке деген ынтасы басым түскен.

"Бірақ, менің соншама құштарлығым болды", – деп еске алды әнші.

Өнер иесі өміріндегі қиындықтарды әннің арқасында еңсергенін, шығармашылығы өзіне күш бергенін жеткізген.

Қызығы, уақытында әншілік жолға алаңдаушылық танытқан анасы кейін қызының балаларына қамқор болып, оған үлкен қолдау көрсеткен.

2. Нұрболат Абдуллин: Әкесі әнші емес, жүргізуші болғанын қалаған

Танымал әнші Нұрболат Абдуллинді кішкентайынан өнерге баулыған адам – анасы. Болашақ әнші небәрі бес-алты жасында сахнаға шығып, домбыра шертіп, дәстүрлі әндерді үйрене бастаған.

Алайда анасы баласының өнерге жақын болғанын қаласа, әкесінің пікірі мүлде басқа еді. Әкесі әншілікті тұрақты табыс әкелетін мамандық санамаған. Сондықтан ұлының сахнада жүргенінен гөрі көлік жүргізіп, нәпақасын тапқанын жөн көрген. Нұрболат Абдуллин бұл туралы Hit-TV арнасына берген сұхбатында айтқан.

"Әртісте ақша болмайды ғой, анда-мұнда жүреді", – деп әкесінің сөзін еске алған.

Әншінің айтуынша, ол кезде әкесі өнер адамдарының бір орында тұрақтамай, үнемі сапарда жүретінін меңзеген. Кейін Нұрболат өзі де шығармашылық кәсіптің оңай еместігін түсінгенін жеткізді.

Әкесінің бастапқы күмәніне қарамастан, әнші кәсіби сахнаға шығып, эстрадада өз тыңдарманын тапты. Кейін актерлік өнерде де бағын сынап, бірнеше отандық телехикаяға түсті.

3. Жұлдыз Әбдікәрімова: Әкесі өнерге баруына бір ғана шартпен келіскен

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың өнерге келуіне де әкесі бастапқыда қарсы болған. Оның ойынша, сахна – әсіресе қыз бала үшін ауыр әрі жауапкершілігі мол орта.

Алайда болашақ актриса тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң өнер колледжіне түсуді мақсат еткен.

Қызының талабын байқаған әкесі ақыры келісім бергенімен, алдына бір шарт қойған. Жұлдыз оқуға алғашқы мүмкіндігінде түсуге тиіс болған. Егер сынақтан өте алмаса, өнер жолына бармауы керек еді. Актриса бұл оқиғаны 2022 жылы берген сұхбатында еске алды.

"Сөйтіп, әкемнің шарты бойынша, оқуға алғашқы тапсырғаннан-ақ түсіп кеттім", – деді актриса.

Ол осы сәттен бастап өз қабілетіне сенімі артқанын айтқан. Оқуын аяқтағаннан кейін театрда алты ай жұмыс істеген.

Колледжде жүргенде болашақ жары Қайрат Нұртаспен танысқан Жұлдыз Әбдікәрімова кейін отбасын құрып, біраз уақыт шығармашылықтан қол үзген. Дегенмен актерлік мамандықты таңдауына әкесінің бір ғана мүмкіндік бергені оның өміріндегі есте қаларлық оқиғалардың бірі болып қалған.

4. Мұхтар Ханзада: Әкесі баласының бизнеспен айналысқанын қалаған

Эстрада әншісі Мұхтар Ханзада да әкесінің өнерге деген көзқарасы туралы ашық айтқан.

Ол 2022 жылы "Жұлдыз" радиосындағы Zhuldyz LIVE жобасына қатысып, әкесінің әлі де кәсіпкерлікпен айналысқанын құп көретінін жеткізді. Әншінің сөзінше, әкесі баласының бар өмірін музыкаға арнағанын қаламаған. Оның орнына жеке кәсіп бастап, басқа салада табыс тапқанын дұрыс санаған.

"Басқа кәсіппен айналыс", – деп әкесінің ақылын жеткізген әнші.

Мұхтар Ханзада сол сұхбатында әкесінің бұрынғыдай үзілді-кесілді қарсы емес екенін де түсіндірген. Анасы баласының өзіне ұнайтын іспен айналысқанын қолдаған. Әпкелері де оның өнер жолын таңдағанын түсіндіруге көмектескен. Әнші әкесінің көзқарасын әзіл аралас сипаттап, егер қазір музыкадан кететінін айтса, оның неліктен мұндай шешім қабылдағанын сұрамайтынын жеткізген.

Дегенмен Мұхтар Ханзада шығармашылығын жалғастырып, әншілік жолын таңдады.

5. Рухия Байдүкенова: Отбасы оның әнші болғанын қаламаған

"Славян базары" халықаралық байқауында жеңіске жеткен қазақстандық әнші Рухия Байдүкенованың да шығармашылық жолындағы алғашқы қадамдары қиындықсыз өтпеген.

Әнші 2021 жылы "Хабар 24" телеарнасының Next бағдарламасына берген сұхбатында отбасының оның өнерге бет бұруын құптамағанын айтқан. Рухияның әулетінде өнерге жақын адамдар болған. Мәселен, атасы домбыра шертіп, күй тартып, ән салған. Ол консерваторияда да оқыған, алайда соғыс басталғандықтан білімін аяқтай алмаған.

Атасы немересінің өнерге жақын болғанын қалағанымен, ата-анасы оның кәсіби әнші болуын қолдамаған.

"Бірақ өнерге барғанымды қаламады, ол маған қиын болды", – деді Рухия.

Әнші бұл жағдайдың өзіне оңай тимегенін жасырмаған. Соған қарамастан арманынан бас тартпай, түрлі музыкалық байқауларға қатысуын жалғастырған. Ол "Славян базарына" үш жыл қатарынан іріктеуден өте алмағанын да айтқан. Алайда талпынысын тоқтатпаған өнер иесі 2021 жылы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.

Рухияның айтуынша, халықаралық байқауға аттанар алдында әкесі оған ақ батасын берген.

Осылайша, кезінде қызының әнші болғанын қаламаған отбасы кейін оның маңызды шығармашылық қадамына қолдау білдірген.

Арман жолындағы таңдау

Бүгінде елге танылған бұл өнер иелерінің әрқайсысы кезінде өз таңдауын жақындарына түсіндіруге мәжбүр болған. Бірінің ата-анасы әншіліктен тұрақты табыс табуға күмәнданса, енді бірі сахна өмірінің қиындығына алаңдаған. Дегенмен олар өз армандарынан бас тартпай, өнерде орын таба білді. Уақыт өте кейбірінің ата-анасы да көзқарасын өзгертіп, балаларының жетістігіне қуанды.

Бұл оқиғалар жұлдыздардың танымалдыққа жету жолында отбасылық қолдау мен өз мақсатына деген сенімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.