Қазақстанда «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымдары желісінің басшысы Ержан Шәкіровке іздеу жарияланды. Қаржылық мониторинг агенттігі оны қарыз алушыларға қатысты алаяқтық схемаға байланысты іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 40 жастағы Шәкіровті ҚМА-ның Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті іздеп жатыр.
Ашық деректерде ол «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы ретінде көрсетілген.
ҚМА мәліметінше, компания 2024 жылдың тамызынан бастап клиенттерге жасырын ақылы «консультация» қызметін енгізген. Бұл қызмет микрокредит алу немесе қарыз мерзімін ұзарту үшін міндетті шарт ретінде ұсынылып, оның құны негізгі борышқа қосылып отырған. Соның салдарынан қарыз алушылар қосымша төлем жасауға мәжбүр болған.
Агенттік дерегінше, бұл схемаға 43 мың қазақстандық тап болып, олармен 181 мыңнан астам келісімшарт жасалған.
Бұған дейін компания директорының орынбасарына үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны хабарланған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Ал «Экспресс Займ» компаниясы барлық бөлімшесі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және қызметін тоқтату туралы шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Ұйым жарияланған ақпарат тергеудің алдын ала ұстанымына негізделгенін атап өтті.