1,7 тонна балықты заңсыз тасымалдағандар ұсталды: жүк көлігінен қайықтар да табылды

1,7 тонна балықты заңсыз тасымалдағандар ұсталды: жүк көлігінен қайықтар да табылды
polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер тексеру кезінде 1,7 тоннаға жуық балық тиелген ГАЗель көлігін тоқтатты. Жүк арасынан екі моторлы қайық пен балық аулауға арналған аулар да табылды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға Ақжар ауданында болған. Полиция мәліметінше, көлік жүргізушісі – Ақмола облысының 49 жастағы тұрғыны. Ол интернеттегі хабарландыру арқылы жүк тасымалдауға тапсырыс алғанын айтқан. Жүкті Ақжар ауданындағы ауылдардың бірінен Көкшетауға дейін жеткізуге 70 мың теңгеге келіскен.

Тапсырыс берушілер тасымалдың заңдылығын растайтын құжаттарды кейін ұсынуға уәде берген. Алайда қажетті құжаттары болмаса да, жүргізуші жолға шыққан. Осыған байланысты ол аудандық полиция бөлімінде түсініктеме берді.

Заңсыз балық аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдікке ілінген екі адам анықталды. Олар – Түркістан облысының 32 және 33 жастағы тұрғындары.

Күдіктілер балықты Майское ауылы маңындағы көлден аулағанын айтқан. Қазір полицейлер браконьерлікке қатысы бар өзге де адамдарды анықтап, басқа да заңсыз балық аулау деректерін тексеріп жатыр.

Полиция мәліметінше, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында табиғатты қорғау бағытындағы рейдтер тұрақты жүргізіледі.

Биыл тоғыз айда Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз балық аулаудың 11 дерегі және заңсыз аң аулаудың 4 дерегі тіркелген.