112 миллион теңге желге ұшты: СҚО-да көшіп келушілерге арналған 14 үй сүріліп жатыр

112 миллион теңге желге ұшты: СҚО-да көшіп келушілерге арналған 14 үй сүріліп жатыр
time.kz

Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстіктен көшіп келетін азаматтарға арнап салынған 14 үй бұзылып жатыр. Құны 112 миллион теңгеге жуық баспаналар құрылысы аяқталғаннан кейін-ақ апатты деп танылып, бірнеше жыл бойы бос тұрған, деп хабарлайды ult.kz.

«Время» порталының мәліметінше, оқиға Сергеевка қаласында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, үйлер осыдан 6-7 жыл бұрын салынғанымен, ешкім қоныстанбаған. Кейін баспаналар апатты деп танылып, енді оларды бұзу жұмыстары басталған.

Бір үйдің құрылысына шамамен 8 миллион теңге жұмсалған. Осылайша, 14 баспананың жалпы құны 112 миллион теңгеге жуықтаған. Ал сол маңдағы тұрғындар кезінде өздері тұрып келген үйлерін 4 миллион теңгеге де сата алмаған.

Шал ақын ауданының әкімдігі баспаналардың бұзылуына қатысты түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, техникалық тексеру нәтижесінде үйлер апатты деп танылған.

«Аталған үйлер техникалық тексеру актісіне сәйкес апатты деп танылуына байланысты бұзылды. Қазір аумақты тазарту және құрылыс қалдықтарын шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы күндері қоқыс толық шығарылып, жер телімі ретке келтіріледі», – деп хабарлады әкімдік.

Демек, мемлекеттік бағдарлама аясында салынған баспаналар пайдалануға берілмей жатып-ақ жарамсыз деп танылған. Бірнеше жыл бойы бос тұрған үйлер енді сүріліп жатыр. Алайда әкімдік олардың сапасыз салынуына кім жауапты екенін, бюджет қаражатының жұмсалуына қандай баға берілгенін және бұзу жұмыстарының шығыны қайдан өтелетінін нақтыламаған. Бұл сұрақтарға құзырлы органдардың жауабы қажет.

Солтүстік Қазақстандағы тұрғын үй құрылысына қатысты мәселе мұнымен шектелмейді. Пресновка ауылында жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға және көпбалалы отбасыларға арнап салынған үйлердің қабырғасын қара зең басып, қыста бөлмелердің іші қатып қалған. Кәріз жүйесіндегі ақаулардан жағымсыз иіс тұрғын үйлерге тараған.

Тексеру нәтижесінде Жамбыл ауданындағы тоғыз мемлекеттік мекемеден жалпы сомасы 10,4 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған. Оның 94 пайызы ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тиесілі болған.

Бұдан бөлек, ауданда құны 1,5 миллиард теңгеге жуық 138 жаңа үй мен пәтер бірнеше жыл бойы бос тұрған. Ал жеті келісімшарт бойынша талапқа сай келмейтін баспаналар үшін 264 миллион теңге артық төленген.

Пресновкадағы септиктердің де сапасыз салынғаны анықталған. Жер асты суы жақын орналасқандықтан, резервуарлар суға толып, кейбір мердігерлер жұмысты аяқтамай кеткен. Тіпті тұрғындар қоныстанған үйлердің құжаттары да толық рәсімделмеген.

Аудит қорытындысынан кейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметінен босатылып, материалдар облыстық прокуратураға жолданған.