Ақтауда сатушының сеніміне кіріп, 34 млн теңгенің алтынын алып кеткендер ұсталды

Ақтауда сатушының сеніміне кіріп, 34 млн теңгенің алтынын алып кеткендер ұсталды
ашық дереккөз

Ақтауда құны 34 миллион теңгеден асатын алтын бұйымдарды алдап иемденді деген күдікпен екі адам ұсталды. Олар Алматыдан келіп, зергерлік дүкенді алдағаннан кейін өңірден кетпек болған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға Ақтау қаласының 4-шағын ауданындағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан зергерлік дүкенде болған. Күдікті әйел сатушының сеніміне кіріп, өзін дүкен иесінің танысының қызы ретінде таныстырған. Алтын бұйымдарды жеңілдікпен сатып алатынын айтып, сатушыны алты әшекейді беруге көндірген. Алайда тауардың ақысын төлеместен дүкеннен шығып кеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің Алматы қаласынан Ақтауға келген екі азамат екенін анықтаған.

24 қазанда олар Атырау облысындағы Сағыз ауылы маңында Toyota Camry көлігімен өңірден кетуге әрекеттенген кезде қолға түсті. Автокөлікті тексеру барысында полицейлер ұрланған алты алтын бұйымды тауып, тәркіледі.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.