Актер Олжас Абай әлеуметтік желідегі парақшасында «Соңыра» фильміне қатысты ойымен бөлісті. Ол туындыны жағымсыз хайп арқылы емес, жылы сезіммен таныстырғысы келетінін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Актердің айтуынша, әңгіме барысында адамға кейде бір ауыз жылы сөздің жетіспейтіні туралы ой түйген. Ол жаңа фильмнің көрерменге әсер ететініне сенімді екенін де жасырмады.
«Тілектес болған сіздерді жаман киномен ұятқа қалдырмаймыз, жан дүниеңізге міндетті түрде әсер қалдыратынына өз басым сенімдімін», – деп жазды Олжас Абай.

Өнер иесі бұл жолғы жарнамада негатив тудыратын әрекеттерге жүгінгісі келмейтінін атап өтті. Жазбасында фильмді көпшілікке махаббатпен, жақсы көңіл күймен ұсынуды көздеп отырғанын айтты.
Айта кетейік, Олжас Абай мәлімдеме жасады.
Олжас Абай кім?
Олжас Абай — қазақстандық актер әрі әнші, көпшілікке «Очоу» лақап атымен де таныс. Ол 1991 жылғы 8 шілдеде дүниеге келген. 2011 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын актер мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын аяқтағаннан кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек еткен.

Көрерменге «Қара шаңырақ» телехикаясы арқылы танылған. Сондай-ақ «Бәсеке», «Әулет» жобаларына қатысқан. Актерлікпен қатар әншілікпен айналысып, бейнебаяндар түсірген.

Сұхбаттарының бірінде актерлікті ешбір мамандыққа айырбастай алмайтынын айтқан.