31 қазан күні ауа райы қандай болады?

31 қазан күні ауа райы қандай болады?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

31 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі, жел күшейеді. Солтүстік-шығыс пен шығыста түнде көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Астанада жауын-шашын болмайды: түнде −1…−3, күндіз +9…+11 градус. Алматыда да жауын-шашынсыз, түнде +1…+3, күндіз +12…+14 градус болады. Шымкентте көшпелі бұлт шығып, түнде +3…+5, күндіз +19…+21 градусқа дейін жылынады.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жауын-шашынсыз ауа райы болжанады, кей жерлерде тұман түседі. Күндіз Ақмолада +8…+13, Солтүстік Қазақстанда +7…+12, Қостанайда +10…+15 градус болады. Павлодар облысында түнде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ күтіледі, күндіз +5…+10 градус. Қарағанды және Ұлытау облыстарында жауын-шашын болмайды, тұман түседі. Қарағанды облысының шығысында және Ұлытау облысының шығысында түнде −10 градусқа дейін суытады.

Батыс өңірлерде күн біршама жылы болады: Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында күндіз +15…+20, Ақтөбе облысында +13…+18 градус күтіледі. Бұл өңірлерде жауын-шашын болжанбайды. Маңғыстау облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, күндіз +16…+21 градус болады. Абай облысында түнде жаңбыр мен қар, көктайғақ күтіледі, күндіз +5…+10 градус. Шығыс Қазақстанда қар мен жаңбыр жауып, тұман және көктайғақ болады. Күндіз +1…+6, шығысы мен таулы аудандарында −2 градус күтіледі.

Алматы облысының тауларында түнде аздаған қар жауады, күндіз облыста +10…+15 градус болады. Жетісу облысында жауын-шашынсыз, күндіз +10…+15 градус, ал түнде таулы аудандарда −11 градусқа дейін суытады. Жамбыл облысында күндіз +12…+17 градус, тауларда тұман күтіледі. Түркістан облысының оңтүстігі мен тауларында күндіз жаңбыр жауады, ауа температурасы +17…+22 градусқа жетеді. Қызылорда облысында жауын-шашынсыз, күндіз +15…+20 градус болады, шығысы мен орталығында шаңды дауыл күтіледі.