Алматыда зейнеткер пәтерін қоқысқа толтырған: көршілері сотқа жүгінбек

Алматыда зейнеткер пәтерін қоқысқа толтырған: көршілері сотқа жүгінбек
Видеодан скриншот

Алматының орталығындағы бес қабатты үй тұрғындары бірнеше жылдан бері көршісінің әрекетіне шағымданып келеді. Олардың айтуынша, зейнеткер пәтеріне тамақ қалдықтарын, бөтелкелер мен ескі заттарды жинап, үйін қоқысқа толтырған. Енді тұрғындар сотқа жүгінбек, деп хабарлайды ult.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, көршілердің сөзінше, бір бөлмелі пәтерде жарық пен су жоқ. Үй іші лас ыдыстарға, шіріген қалдықтар мен ескі заттарға толған. Тұрғындар әйелмен бірнеше рет сөйлесуге тырысқанымен, нәтиже болмаған. Керісінше, олардың есік алдына өлі көгершіндер мен қоқыс тасталған.

«Онымен келісу мүмкін емес. Біз сөйлескеннен кейін келесі күні есігіміздің алдына өлі құстарды немесе қоқыс салынған қораптарды тастап кететін», – дейді көршісі Татьяна Герасименко.

Тұрғындарды пәтердің санитарлық жағдайымен қатар, өрт қауіпсіздігі де алаңдатады. Олардың айтуынша, бұған дейін үйде өрт болған.

Көршілер полиция мен әкімдікке бірнеше рет шағымданған. Алайда қалалық қызмет өкілдері пәтер иесінің рұқсатынсыз үйге кіре алмайтынын айтқан.

Заңгер Гаухар Сәлімбекова тұрғындарға ортақ талап-арызбен сотқа жүгінуге кеңес берді. Сот арқылы пәтер иесін жиналған қоқысты шығаруға міндеттеуге болады.

Журналистер араласқаннан кейін әкімдік коммуналдық қызмет мамандарын жіберіп, пәтер терезесінің астындағы қоқысты тазалатқан. Дегенмен көршілер бұл мәселе қайта қайталануы мүмкін деп қауіптенеді.