Көкшетаудағы тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкері өлі табылды, деп хабарлайды ult.kz.
region03.kz мәліметінше, өңірлік полиция департаменті оқиға дерегін растады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің өкілдері.
Соңғы бір жарым айда Көкшетауда сот жүйесінің екі қызметкері қаза тапты.
Бұған дейін, қыркүйек айында Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің қайтыс болғаны хабарланған еді. Сол кезде марқұмның туыстары оның жұмыс орнында қысымға ұшыраған болуы мүмкін екенін айтқан. Олардың болжамынша, бұған Дүйсековтің сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық туралы мәліметтерден хабардар болуы себеп болуы ықтимал.
Алайда Сот әкімшілігі бұл айыптауларды жоққа шығарды. Дүйсековтің өліміне байланысты «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сот жүйесі қызметкерлерінің екі өлімінің арасында байланыс бар-жоғы әзірге белгісіз. Бұл мәселені тергеу анықтайды.