Марқұм заңгер Ғабит Өмірбектің жұбайы әлеуметтік желіде күйеуіне арнап әсерлі жазба жариялады. Ол бірге өткізген күндерін еске алып, жарының қазасына әлі де сене алмай жүргенін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
«Уақытты кері қайтаруға мүмкіндік болса…
Мен сені қайта таңдар едім. Отбасымызды, бірге жасаған саяхаттарымызды, бүгінде ең қымбат естелікке айналған қарапайым күндерімізді де қайта таңдар едім.
Мен сенсіз өмір сүруді әлі үйрене алмадым. Кейде сен алыста жүргендей, жақында қайтып келетіндей көрінесің.
Бәрі қандай тез өзгерді…Сені сүйемін, менің Ғабитім. Мәңгілік», – деп жазды ол.
Заңгердің жары үшін отбасымен бірге өткізген қарапайым сәттердің өзі бүгінде баға жетпес естелікке айналған. Жазбасында ол күйеуіне деген махаббаты мен сағынышын білдірді.
Айта кетейік, Марқұм заңгер Ғабит Өмірбектің әйелі жүрек тебірентерлік жазба жариялады.
Ғабит Өмірбек кім?
Ғабит Өмірбек — қазақстандық заңгер, адвокат әрі құқық қорғаушы. Ол «Lawyer 888» халықаралық заңгерлік компаниясының бас директоры болған. Бұған дейін прокуратура органдарында сегіз жыл қызмет атқарған. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша азаматтарға құқықтық көмек көрсеткен.

Заңгер қоғам назарын аударған істерде жәбірленушілердің мүддесін қорғауымен танылған. Соның ішінде Отардағы әскери бөлімде әлімжеттік көрген сарбаз Есбол Қапардың ісімен айналысқан. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары мен алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға көмектескен. Отбасылық даулар, ажырасу, ата-ана құқығы және заңсыз рәсімделген несиелерге қатысты мәселелермен де жұмыс істеген.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде заң талаптарын түсіндіріп, халықтың құқықтық сауатын арттыруға атсалысқан. Оның өмірден өткені 2026 жылғы 24 қазанда белгілі болды.