Ринат Зайыт Мақсат Ақановқа араша түсті

Ринат Зайыт Мақсат Ақановқа араша түсті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Бұрынғы депутат, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы Ринат Зайыт айтыскер Мақсат Ахановқа қатысты дауға пікір білдірді. Ол Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында ақынды айтыстан шеттетуге негіз көрмейтінін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Ринат Зайыттың пікірінше, айтыскердің сөзі ұлтаралық араздықты қоздырса немесе мемлекетке тіл тигізсе, оны сахнадан шеттету мәселесін қарастыруға болады. Алайда ол Мақсат Ахановтың сөзінен мұндай мазмұн байқамағанын жеткізді.

«Мақсат кімге не деді? Айтыста ұлтараздықты қоздыратын, мемлекетке тіл тигізетін сөз айтса, шеттетуге болатын шығар. Мақсат бір адамға тиетін сөз айтпады. “Адайдың шалдары” деген - күнделікті қолданыстағы сөз», – деді ол.

Сұхбат барысында Ринат Зайыт желіде тараған видеоға да тоқталды.

«Мақсат Ахановтың бар істегені сахнада мас болып қалғаны ма? Мен, керісінше, сол видеоны көріп қызықтым. Осылай еркелеп жүре беру керек еді. Одақ Мақсатты қорғап қалуы керек еді», – деді Ринат Зайыт.

Айта кетейік, Мақсат Аханов айтыстан шеттетілді.

Ринат Зайыт кім?

Ринат Зайыт – айтыскер ақын, қоғам қайраткері, Мәжілістің бұрынғы депутаты. Көпшілікке айтыстарда әлеуметтік мәселелерді көтеріп, өткір пікір айтуымен танылған. Ол 2023–2026 жылдары Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болып, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында жұмыс істеген.

Қазір Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын басқарады.

Өзінің айтуынша, бұл қызметке 2026 жылғы қазанның басында келген. Орталық әскери ансамбль мен оркестрдің жұмысын үйлестіріп, патриоттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.