Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайтыс болған адамдардың бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыруға қатысты пікір білдірді. Мүфтият мұндай әрекетке қолдану мақсатына қарай рұқсат берілетінін, алайда марқұмға айтпаған сөздерді айтқызып, жалған ақпарат таратуға қатаң тыйым салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Басқарманың түсіндіруінше, марқұмның бейнесін сағынышпен еске алу, көңіл жұбату мақсатында жандандыру шариғатқа қайшы емес.
Алайда мұндай технология адамның өткен шаққа байланып қалуына, қайғысын күшейтуіне немесе рухани зиян шегуіне себеп болса, оны қолдануға болмайды.
Сондай-ақ марқұмның атынан жалған сөз айтуға, ақпарат таратуға және оның бейнесін коммерциялық жарнамада пайдаланып, адамдарды алдауға тыйым салынады.
Мүфтият мұндай әрекеттер адамның ар-намысы мен жақындарының сезіміне нұқсан келтіріп қана қоймай, өзгелерді алдауға да әкелуі мүмкін екенін атап өтті.