Павлодарда үш баласына бірнеше жыл бойы алимент төлемеген әйел жауапқа тартылды. Оның берешегі 6 млн 936 мың теңгеге жеткен. Борышкерге іздеу жарияланып, полицейлер оның жүрген жерін анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, әйелдің алимент төлеуден жалтаруына байланысты оған іздеу жарияланған. Тәртіп сақшылары борышкерді анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдарды сотқа жолдаған.
Сот шешімімен әйелге 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Сондай-ақ алимент бойынша берешегін өтеу және сот шешімін орындау үшін үш ай мерзім берілді.
Полиция өкілдерінің ескертуінше, егер осы мерзім ішінде әйел алимент төлеуден қайта жалтарса, оған қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралады.
Құқық қорғау органдары қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды алимент төлеу міндетінен жалтармай, мәселені заң аясында шешуге шақырды. Ол үшін сотқа немесе жеке сот орындаушыларына жүгінуге болады.