Ақтөбеде есірткі сататын интернет-дүкеннің қаржылық операцияларын жүргізген қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Күдіктілер заңсыз саудадан түскен ақшаны 22 банк картасы арқылы қабылдап, криптовалютаға айырбастап отырған. Жалпы аударылған қаржы көлемі 400 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында қылмыстық топтың жұмыс жүйесі анықталды.
Тергеу мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде ақша айырбастау тобын құрып, оған жеті адамды тартқан. Топ мүшелері міндеттерін бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша есірткі интернет-дүкенінің қаржылық операцияларын тәулік бойы қамтамасыз етіп отырған.
Интернет-дүкеннен есірткі сатып алуға тапсырыс берген адамдар алдымен төлем жасау үшін осы топқа бағытталған. Ақша аударылғаны расталған соң, сатып алушыларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген.
Қаржылық операциялардың ауқымы да аз болмаған. Топ мүшелері күн сайын 50-70 төлем қабылдап, ақшаны өзге адамдардың атына ашылған 22 банк картасы арқылы өткізген. Кейін қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасын ұйымдастырушылар бақылауындағы криптоәмияндарға аударылып отырған.
Тергеу дерегіне сәйкес, осындай жолмен аударылған қаражаттың жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 млн теңгеден астам сомаға тең.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.