Астанада тұрғын үй салуға қаражат жинап, 292 үлескерге 4 млрд теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілінген 45 жастағы ер адам Шымкентте ұсталды. Ол халықаралық іздеуде болған, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, күдікті бір топ адаммен бірге азаматтардың сеніміне кіріп, Астанада көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға ақша тартқан. Алайда құрылыс жұмыстары қажетті рұқсат құжаттарынсыз және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілген.
Қылмыстық іс аясында 292 үлескердің зардап шеккені анықталды. Ал келтірілген жалпы шығын 4 млрд теңгеден асады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің ұзақ уақыт бойы Шымкентте бой тасалап жүргені белгілі болған. Ол құқық қорғау органдарынан жасырыну үшін жалдамалы пәтерлерін жиі ауыстырып отырған.
Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.