«Ескілік пен радикализмге жол жоқ»: Қарин қатаң талап қойды

«Ескілік пен радикализмге жол жоқ»: Қарин қатаң талап қойды
ашық дереккөз

Қазақстанда еңбекқорлық, білім мен ғылымды дәріптеп, ескілік пен радикализмді насихаттайтын әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин ішкі саясат мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.

Оның айтуынша, елдегі қоғамдық өмірдің барлық саласында жаңғыру жүріп жатыр. Сондықтан қоғамның құндылықтары да заман талабына сай өзгеруі керек.

«Халық арасында еңбекқорлық, білім, ғылым және прогресс секілді жасампаз құндылықтарды дәріптеу өте маңызды. Сонымен қатар ескілікті, тоғышарлықты, радикализмді насихаттайтын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою керек. Көпшілік ортада арагідік ұшырасатын түрлі шектен тыс әрекеттер мен мәдениетсіздікке адамдардың өзі қарсы екенін көріп жүрміз. Бұл қоғам мәдениеті мен құндылықтардың өзгере бастағанын білдіреді», – деді Ерлан Қарин.

Вице-президент мемлекеттік басқару жүйесін де заман талабына бейімдеу қажеттігін атап өтті. Әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллект негізінде қалыптасып жатқан жаңа экономикаға сай басқару моделін дамыту маңызды.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың халықпен байланыс орнату тетіктерін жетілдіріп, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің байланыс орталықтарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру қажет.

Жиында бұдан бөлек этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлестіктермен және сарапшылармен байланыс орнату мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отбасы, жастар, ақпараттық және мәдени-гуманитарлық саясаттың басым бағыттары қаралды.