«Ұлтқа бөлінуді тоқтату керек»: Қуат Хамитов жеңісінен кейін үндеу жасады

«Ұлтқа бөлінуді тоқтату керек»: Қуат Хамитов жеңісінен кейін үндеу жасады
instagram/aca_mma

Қазақстандық файтер Қуат Хамитов 30 қазанда Душанбеде өткен ACA 209 аралас жекпе-жек турнирінде ресейлік Алексей Махноны нокаутқа түсірді, деп хабарлайды ult.kz.

Жартылай орта салмақта өткен жекпе-жек екінші раундта аяқталды.

Айта кетейік, кездесу алдында қарсыластар әлеуметтік желіде бір-біріне өткір пікірлер айтқан. Хамитов қарсыласын спорттық мансабын аяқтауға мәжбүрлейтінін айтса, Махно «Найманды» жеңуге ниетті екенін мәлімдеген.

Жекпе-жектен кейін Қуат Хамитов ТМД елдерін бірлікке шақырып, ұлтқа бөлінуді тоқтатуға үндеді.

«Жақсы да, жаман да адамдар болады. Егер тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірімізді сыйласақ, тыныштық орнайды. Ал бейбітшілік бар жерде әрдайым даму мен бақыт болады», – деді қазақстандық файтер.

Бұл жеңістен кейін 38 жастағы Қуат Хамитовтың Sherdog платформасындағы кәсіби рекорды 26 жеңіс, 9 жеңіліс және 1 тең ойынға жетті.

Ал 36 жастағы Алексей Махно қатарынан төртінші рет жеңіліп, мансабындағы 14-ші жеңілісіне ұшырады. Оның еншісінде 27 жеңіс бар.