Боқаевтың ұсынған қос компания баламасыз мақұлданды – соттағы сарапшының пікірі

Боқаевтың ұсынған қос компания баламасыз мақұлданды – соттағы сарапшының пікірі
ашық дереккөзден

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «QazaqGaz» ҰК» АҚ Тәуекелдерді басқару департаментінің бас менеджері Медетбек Әбдіқалықовтан жауап алу жалғасты. Куәгердің сөзіндегі назар аударуға лайықты жайттардың бірі Санжар Боқаевтың бақылауындағы компаниялардың кәсіподақтан қаржыландыруды нақты қалай алғаны туралы мәліметтер болды.

Сот процесіне қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Әбдіқалықов «BM Trust» мен «We Can» компанияларын таңдауды кәсіподақ комитетінің отырысында Санжар Боқаевтың өзі ұсынғанын айтты. Куәгер бұл жағдайдың ақылға сыймайтынын атап өтті. Өйткені айыпталушы кәсіподақ комитетінің мүшесі болмаған және отырысқа тек шақырылған қонақ ретінде қатысқан. Соған қарамастан, бейінді комитет басқа ивент-агенттіктерді іздемей, балама нұсқаларды талқыламаған. Боқаевтың ұсынысымен қос компания да баламасыз мақұлданған.

Өз кезегінде Боқаевтың адвокаттары куәгердің ішкі аудиторлық есебін қорытынды айыптау актісі ретінде көрсетуге тырысып, оны заңның қалтарыстарымен тығырыққа тіреуге әрекеттенді. Алайда сметалардың негізсіз ұлғайтылғаны расталғаннан кейін Әбдіқалықов бұл туралы басшылыққа баяндаған. Ал басшылық өз кезегінде Қаржылық мониторинг агенттігіне (ҚМА) ресми түрде жүгінген. Схемаларға түпкілікті құқықтық бағаны тергеу органы берген.

Қорғаушылар бір сұрақты бірнеше рет қайталап қойды. Нәтижесінде осындай тактиканың салдарынан бір ревизордан жауап алу жасанды түрде бес сағатқа созылып, әлі де жалғасып жатыр.