TikTok-тағы «оңай табысқа» сенген ерлі-зайыпты есірткімен ұсталды

TikTok-тағы «оңай табысқа» сенген ерлі-зайыпты есірткімен ұсталды
Ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды. Полиция мәліметінше, әйел TikTok арқылы заңсыз табыс табу туралы ұсыныс алып, есірткіні жасырын орындарға қалдырып жүрген. Кейін бұл іске күйеуін де тартқан, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел алты жасырын орын дайындап, бірнеше түйіншекті күйеуіне берген. Көп ұзамай екеуі де ұсталды.

Жеке тінту кезінде әйелден 19, ал күйеуінен жеті түйіншек табылды. Сараптама олардың құрамында синтетикалық есірткі – альфа-PVP бар екенін растады. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен 33 грамм болған. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалса, әйелге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Полиция әлеуметтік желілердегі оңай табыс туралы ұсыныстардың есірткі қылмысына тарту амалы болуы мүмкін екенін ескертеді.