Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған DoubleTree by Hilton Almaty қонақүй кешені үш аукционнан кейін 12,3 миллиард теңгеге сатылды. Нысанның бастапқы бағасы 38,2 миллиард теңге болған, деп хабарлайды ult.kz.
Сауда-саттық e-Qazyna электронды платформасында өтті. Алайда қонақүйді кім сатып алғаны және аукционға қанша үміткер қатысқаны әзірге белгісіз.
Алматының Алмалы ауданындағы Досмұхамедов көшесінде орналасқан қонақүйдің жалпы аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. 11 қабатты ғимаратта 112 нөмір, мейрамхана, конференц-залдар, бассейн, SPA аймағы және фитнес орталығы бар.
Нысанды сатуға алғаш рет 2026 жылғы 25 қыркүйекте шығарды. Сол кезде бастапқы бағасы 12,7 миллиард теңге болып белгіленгенімен, сатып алушы табылмады. 13 қазанда қайта өткізілген сауда да нәтижесіз аяқталды.
29 қазанда өткен үшінші аукционда қонақүй 12,3 миллиард теңгеге сатылды. Бұл бастапқыда белгіленген 12,7 миллиард теңгеден 400 миллион теңгеге арзан. Ал нысанның алғашқы жарияланған бағасымен салыстырғанда айырмашылық 25,9 миллиард теңгені құрайды.
Айта кетейік, лот құрамына тек қонақүй ғимараты кірген. Жиһаздар мен өзге де жылжымалы мүлік сатылымға қосылмаған. Сондай-ақ жаңа иесі DoubleTree by Hilton тауар белгісін, фирмалық атауын, зияткерлік меншік нысандарын және франчайзинг шартына қатысты құқықтарды иеленбейді.
Бұған дейін Алматыдағы Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған осы қонақүйді IT-хабқа айналдыру жоспарланып отырғаны хабарланған еді.